Отчеть на обучающих курсов


«Тәжірибедегі рефлексия» курсы бойынша бір сабаққа жасалған рефлексивті есеп
1-топ. (№ 163 орта мектеп, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы) биология пәні мұғалімі Ишанова Севара
«Жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелейтін ұстаздар,
сіздер, ізденіс пен ілгерілеуден жалықпаңыздар. Олар заман талабына сай тәрббиеленуі тиіс»
Н.Ә.Назарбаев
Жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасына негізделген «Тәжірибедегі рефлексия» курсында үйренген оқытудағы жаңа тәсілдерді мектеп тәжірибесінде қолдануға тырыстым. Осы мақсатта өзімнің 7 «В» сыныбында биология пәні бойынша «Жорғалаушылар класының басқа отрядтары: жыландар мен тасбақалар. Жорғалаушылардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы. Жорғалаушыларды қорғау » атты ашық сабақ өттім. Сабаққа негізделген оқу мақсатым: оқушыларды жорғалаушылар класының өкілдерімен таныстыру, құрылысындағы ерекшеліктері, адам және табиғаттағы маңызы туралы түсінік беру. Жорғалаушылар туралы тақырыпты талдай отырып, олардың түрлерін, айырмашылықтарын ажырата білу арқылы ойларын шыңдау. Сабақ барысында барлық оқушылар жорғалаушылар туралы толық мағлұмат алады және жорғалаушылар класының өкілдерімен танысады. Оқушылардың басым бөлігі жорғалаушылардың ішкі және сыртқы құрылысының ерекшеліктерін ажырата алады. Ал кейбір оқушылар жорғалаушылардың көбею ерекшеліктерін салыстыра алуы күтілді. Аталған мақсат пен күтілетін нәтижеге қол жеткізу үшін сабақта бағдарлама модульдерін қолданудың әдіс-тәсілдерін ойластыра келе, сынып оқушыларының жасы 13-14 аралығында екенін ескере отырып, тапсырмаларды оқушылардың жас ерекшеліктерінің деңгейіне сай жоспарладым. Өйткені, оқушылардың зияткерлік қабілеттері, ойлау үдерісінің сипаты және жасына қарай олардың өзгеру ықтималдылығы туралы маңызды ақпараты бар танымдық даму теориясы шеңберінде сипатталады [МАН, 69-бет].
Сабақтың әр кезеңі мен үшін маңызды болып табылды. Сабағымда әдеттегідей оқуға қолайлы орта жасаудан бастадым. Әр оқушы өз есімінің әріптеріне лайық адами құндылықтарын атап шығуда бір-бірін қайталамауға тырысты, әсіресе, ер балалар шапшандық танытты. Мұндағы мақсатым, оқушылар арасында ынтымақтастық атмосферасын орнату және бір-бірінің адамгершілік қасиеттерін бағалай білуге тәрбиелеу болды. А.Маслоу оқушылардың өзіндік «мен» тұжырымдамасын қалыптастыруда сүйіспеншілік және қарым-қатынасқа деген қажеттілікті атап өткен болатын. Оқушылардың бірін-бірі көтермелеп пікір білдіруі сабаққа ықпалы күшті болуы мүмкін. Әрине, жағымды пікірлер өзіндік тиімділігін арттырса, ал жағымсыз пікірлер оны әлсірете түспек. [МАН, 20-бет].
Сыныпты топқа бөлу үшін «Орны адасқан әріптер» әдісін қолдандым. Нәтижесінде «Тұмсықбастылар», «Қабыршақтылар», «Қолтырауындар», «Тасбақалар» деп аталатын шағын топтар құрылды. Топқа бөлініп болған соң, оқушылар өз топ басшыларын сайлады. Бағалау қағазы таратылды. Топ басшысына топқа оқушыларды қалай, қайтіп бағалайтыны жөнінде кретерий де таратылып берілді. Алдыңғы сабақ «Жорғалаушылар класының жалпы сипаттамасы. Құрлық-ауа тіршілік ортасына бейімділігі, жылдық тіршілік циклы» атты үй тапсырмасын қайталау мақсатында «Жабық тест» әдісін қолдандым. Яғни, оқушылар нұсқасы жоқ сұрақтарға жауап беру керек болды. Мысалы:
Жорғалаушылардың қазір ……. түрі бар?
Қаңқасында алғаш ……. ……... пайда болған.
Саусақтарының ұшында ……… тырнақтары бар.
Тыныс алу мүшесі ………. .
Жүрегінің құрылысы ……. камералы.
Зәр ……… түзіледі.
Жорғалаушылар ……… жынысты.
Бұл әдісті қолданудағы мақсатым: оқушылардың есте сақтау дағдысын қалыптастыра отырып, нақты әрі тиянақты жауап беруге дағдыландыру болды. Тестке жауап беріп отырған оқушыларды «жақсы», «жарайсың», «тамаша» т.с.с. сөздермен ынталандырып отырдым.
Жаңа сабақтың тақырыбын ашпас бұрын интербелсенді тақтада «Жорғалаушылардың тасбақалар және жыландар отряды» атты бейнебаян көрсетілді. Оқыту үдерісінің басында оқушылардың қарастырылытын тақырып туралы шамалы білімі болғанын және осы бастапқы білім жаңа материалды игеру үшін бастау болып табылатынын ұғынса, онда аудио-визуалды қабылдау арқылы оқушы алған ақпараттың 20%-ын қабылдайды [МАН,27-28 бет]. Бейнебаянды көру арқылы оқушылар төмен дәрежелі сұрақтарға жауап бере отырып, өткен материал мен жаңа тақырыптың байланысты екенін білді. Оқушылардың тақырыпты түсінуіне қол жеткізу үшін мұғалімдер сұрақтың екі түрін: төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтарды кең қолданады. Төмен дәрежелі сұрақтар–жаттап алуға бағытталған және де оған берілген жауап «дұрыс» немесе «дұрыс емес» деп бағаланатын сұрақтар [МАН, 40- бет]. Мысалы:
Мұғалім: Жорғалаушылар класы неше отрядтарға біріктірілген?
Шұғыла: 14 отрядқа біріктірілген.
Мұғалім: Біз қай отядтарымен таныстық?
Әлихан: Тұмсықбастылар, қабыршақтылар, қолтырауындар отрядымен таныстық.

Жаңа тақырып бойынша топтарға оқулықтағы мәтінмен және қосымша ғаламтордан алынған ақпарат көздерімен жеке жұмыс жасау ұсынылды. Интернет ресурстарды пайдалану оқушының білім беру үдерісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Мәтінмен жұмыс жасау барысында оқушыларға INSERT немесе түртіп алу әдісі арқылы қолдарына қарындаш алып, «v»- білемін, «+» — білмеймін, «-»—мен үшін жаңа білім (ақпарат), «?» – мені таң қалдырды — деген белгілерді қоя отырып мәтіннің мазмұнын түсіну ескертілді. Бұл әдіс арқылы оқушылар оқығанын саналы түсінуге, білгендерін анықтап, білмейтіндерін сұрауға әзірленеді. Бұрыңғы білетіндерімен жаңа материалды байланыстыруға дағдыланады.
Келесі кезекте мәтінді жұппен талқылады. Оқушылар жұпта еркін пікір алмасып, өз ойларын жеткізуге тырысты. Сол кезде менің зерттеу назарымда болған Д. есімді оқушым топ ішінде бес оқушы болып отырғандықтан, оның қасына өзім отырып жұп болдым. Осы сәтте балалар арасынан мұғалім мен оқушының тең дәрежелі болып отырғанына оқушылардың бірі тұрпайы қараса, енді бірі қызық көрді. Ал алдымда отырған Д. есімді оқушым сөздері бір-бірімен байланыспай біресе күліп, біресе сасқалақтап жауап беріп отырды. Бұл қолданған тәсілім тұйық оқушының ашылуына да оң әсерін тигізді. Себебі, өз сыныптастарының арасында ұстазының қолдауына ие болған баланың бойында өз күшіне деген сенімділік артты. Осындай түрде жұмыс жүргізу арқылы мұғалім ретінде мен оқушылар тобын ынтымақтаса, бірлесе жұмыс жасауын және «дайын» білім емес, тек бағыт бағдар беру арқылы олардың өз бетімен білім алуға талпыныстарын ұйымдастыра алдым деп ойлаймын.
Жұптық жұмыс арқылы оқушылар арасында диалог жүрді. Диалог барысында оқушылар келісілген нәтижеге жету үшін күш жігерін жұмсайтын және Мерсер сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады делінген [МАН, 39- бет]. Сыныпта диалогтік әдістің маңыздылығы өте зор екендігін сабағымда аңғардым.
Оқушылардың алған ақпаратты сақтауда «талқылау»-50% құрайды екен. Менің іс-тәжірибемде оқушылар арасындағы кумулятивтік әңгіме топтық жұмыстарда көрініс тапты. Оқушылар топтық жұмыстарды орындау барысында талқылау әңгімесін жүргізді. Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп оны жақсарта, кеңейте алады. Бұл жерде мен сұрақ қою арқылы оқушы мен мұғалім арасында диалог құрдым . Ол былай өрбіді:
Мұғалім: Не себепті гаттерияны «тірі табиғат ескерткіші» деп атайды?
Жанель: Себебі, тұмсықбастылар отрядына жататын гаттерия 60-70 жыл өмір сүреді.
Мұғалім: Дұрыс. Гаттерия ең ұзақ өмір сүретін жануарлар тобына жатады.
Мұғалім: Ал енді геттерияның басқа отряд өкілдерінен қандай айырмашылықтары бар екен?
Дилназ: Олардың сырты мүйізді қабыршақтармен қапталған, денесінде бізді түзілістер болмайды.
Мұғалім: Тамаша. Дұрыс айтасың.
Мұғалім: Терісінде мүйізді қабыршақтары сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан қорғайды.
Мен бұл әдісте оқушылардан толық қанағаттанарлық мағлұмат алдым.
Келесі кезекте клacтер бoйыншa cызбaғa түcіруін aйттым. Тoп мүшелері бірігіп жaқcы жұмыc aтқaрa білді. Оқушылар топпен жұмыс жасау барысында олардың бір-біріне деген көзқарасы өзгерді, сабақа деген ынтасы арта бастады, сонымен қатар сыныпта ынтымақтастық атмосферасы қалыптасты. Оқушыларың топтарда белгілі бір қызметті атқаруының өзі олардың сабаққа деген жауапкершілігін арттырды. Әр оқушы өзіне тапсырылған міндетті сабақ барысында жақсы атқаруға тырысты. Бұл олардың берілетін білімді игеруіне көп септігін тигізеді. Белсенділікпен жұмыс атқару арқылы тақырыпты еркін меңгерді. Бұл тапсырманы орындау барысында оқушылардың арасында диалог жүрді десек те болады бір-бірімен ақылдасып пікір алмасып сұрақ қойып соған бірлесіп жауап іздеп, сыни тұрғыдан ойлауға үйреніп отырды, сонымен қоса тапсырманы орындау барысында сыныптағы қабілеті жоғары оқушылар көшбасшылық қырларымен көрініп топтарын алға сүйреп алып шығып отырды. Талқылау кезінде олар «мүмкін», «егер», «бәлкім» деген сөздерді пайдаланып, топ тарапынан қолдау қажет болғанда «Солай емес пе?» деген сұрақтар қойды. Мысалы, Бағдат: «мүмкін олар терісінің түсін жылдам өзгерте алатындықтан құбылғылар деп аталған болар».
Маған ұнамағаны сабақ барысында оқушылардың арасында топтық жұмыс болғанымен кейбір оқушылар талқылауға қатысуға құлқы болмай отырды. Ол балалардың жұмысқа қатыспай отырған себебі оқушылардың топтағы қызметтерінің дұрыс бөлінбеуі. Орташа оқитын оқушылар «уақыт сақшысы» немесе «хатшы» қызметерін бөліп алған. Бұл олардың сабақта жұмыс жасауына емес, топтың жұмысына араласпауына көп жағдай жасады деп ойлаймын. Келесі сабақтарда мен осы кеткен кемшіліктермен жұмыс жасауым керек деп шештім.
Оқушыны топтық жұмысқа тарта отырып, ашық сөйлесу, пікірін тыңдау арқылы ортаға бейімдеуді және «оқушы-мұғалім», «оқушы-оқушы» үдерісін үнемі дағдыға айналдырсақ, үнемі оқушы пікірімен санаса отырып, оларға  ұнайтындай  әдістерді қолдана отырып  сабағымызды жоспарласақ ғасырдың талабына сай сындарлы ой айта алатын жеке тұлға тәрбиелей аламыз деген ойға келдім [МАН, 23- бет].

Оқушылар тақырып бойынша түсінгендерін флипчартқа түсіріп, дайын болған топтар алақан соғып, дайын екендерін білдірді. Әр топтан екі-үш оқушыдан шығып кластерді қорғай бастады.

Басқа топ мүшелері айтылған ақпараттарға зер салып тыңдап отырды. Берілген ақпараттарға қосымша топ мүшелері оз ойларын білдірді. Оқушылардың жауабын олардың білімдерінің деңгейін тексеру және өз ойларын кеңінен айтуға мүмкіндік беру үшін сынақтан өткізу сұрақтарын қойдым. Мысалы: «Қолтырауындарды арнайы фермада өсіру себебі неде?», «Теңізде тіршілік ететін тасбақалардың сауыты неліктен жұмсақ болады?», «Неліктен жыландар қорегін тірідей жұтады?». Таныстырылымды қорғаған оқушыларды шапалақтау арқылы бағалап отырды. Келесі тапсырма деңгейлік сұрақтар берілді. Бұл тапсырманы орындау барысында жұппен жұмыс атқарды. Сұрақтардың жауабын оқушылар өзара тексерді.
Сабақты қорытындылау үшін оқушылар бүгінгі сабақтан не үйренгенін, сабақ барысында түйген ойларын, алған білімдерін бір арнада тоғыстыра білулерін, өмірмен байланыстыра алуын тексеру мақсатында төрт топқа төрт түрлі тапсырмалар берілді.
1-топ. Sinkuein немесе бес жолды өлең құрастыру
2-топ. Жорғалаушылар мен қосмекенділердің ұқсастығы мен айырмашылығы (венндиограмма)
3-топ. Жорғалаушылар туралы мақал-мәтелдер
4-топ. Жорғалаушылардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы. Жорғалаушыларды қорғау (эссе).
Бұл тапсырмалар арқылы оқушылардың механикалық есте сақтау қабілеті жетіледі. Үнемі қайталап отыру арқылы ойларды және күнделікті іс-әрекеттерді жаттауға болады [МАН, 45- бет].
Тапсырмаларды орындау нәтижесінде сабаққа оң ынта таныта қоймайтын оқушылар осы сабақ бойынша өз ойларын жазса, үнемі белсенділік танытып жүрген оқушылар мүмкіндігінше толығымен білген – түсінгендерін жазуға тырысты. Дегенмен әлде де олардың қаілеттерін шыңдайтын, дарынды оқушыны әрі қарай ынталандыратын, шығармашылық жұмыс жасауына ықпал ететін тапсырмаларды дайындау керек екенін түсіндім.
Сабағымда «бағалау парағын» қолдандым. Сабақ құруда бағалау критерийлерін пайдаландым, оқушы тапсырманы орындап болған соң, өзінің дұрыс жауаптарының санын көріп, фигуралар арқылы бағаланып отырды. Дәстүлі оқыту кезінде тек 4-5 бала бағаланушы еді, енді барлық оқушылар бағаланып отырды. Олар қолданатын кез келген нысанның артында обьективті немесе жеткілікті дәрежеде объективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш-жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады,-(Александер, 2001) [МАН,56- бет] деп Александер айтқандай мен сабағымда өзін-өзі бағалау, топтық бағалау тәсілдерін қолдандым. Бұл бағалау топтағы оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін арттырды. Бағалау критерийлері арқылы көшбасшы топ мүшелеріне қойған бағаларын дауыстап айтып берді. Бұл бағалау ашық болды және басқа оқушыларды да көшбасшы болуға итермелеп қызығушылығын оятты. Оқушыларға бұлай бағалау ұнады.
Сабақ соңында «Екі ұсыныс, бір тілек» әдісі арқылы оқушылардан кері байланыс ретінде стикерлерге өз ұсыныстарын жазуды тапсырдым. Оқушылар бүгiнгi сaбaқтaғы рөлдiк мiндеттерi ұнaғaны және оны үнемi қолдaнуымды ұсынсa өзiнiң келесi сaбaқтa бaсқa рөлде әсiресе сaрaпшы рөлiнде болғысы келетiндiгiн көп оқушы қaлaсa Aқерке өз рөлiн дұрыс aтқaрa aлмaғaндығын жaзғaн. Aл бiр тiлекте оқушылaрдың келесi қызықты сaбaқтa жaңaлық күтетiнiн жaзғaн. Бiрнеше оқушылaр сaбaқтa уaқытты ұтымды пaйдaлaнуды жaзғaн. Бағалауда нәтижеге жету, сабақтың мақсаты орындалуы, оқушылардың өз ниет ойларын стикерлер арқылы жеткізуі ертеңгі сабағыма бағыт-бағдар берері сөзсіз.
Сабақ барысында сәтті шыққан тұстарым:
Сабақ барысында оқушылардың проблеманы шешу құзіреттілігі, ақпараттық және коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту мақсатында әртүрлі стратегиялардың тиімді қолданылуына ерекше мән бердім. Әр топта көшбасшы оқушылар суырылып, алға шығып, топтық жұмыстарды орындауға басшылық жасап, әлсіздерге көмектесіп отырды.
Сабақтың өң бойында Жером Брунердің «Орман өсіру» әдісі бойынша ұдайы тапсырманы аяқтауға итермелеп, түрткі болып, бағыттаушылық негізінде дамуларын қолдап отырдым. «Білімділік күдіктену арқылы көзінің жетуіне, тоғышарлық –тоңмойындыққа алып келеді» дегендей, қашанда күдіктене білетін, соның нәтижесінде тоңмойындыққа салынбай, діттегеніне жете білетін білімді ұрпақты сусындататын біз, ұстаздар болғандықтан аянбай еңбек ету бүгінгі күннің талабы болып отыр.
Сабақ сәтсіз, не онша жақсы өтпеді:
«Мінсіз мұғалім қандай болу керек?» деген сұрақ қойылғанда да көп мүдірдім. Мен өзімді біржақты бағалайды екенмін.Тек өз пәнімді терең білсем болды , осы пәнге деген оқушы қызығушылығын арттырсам болды деген ой ғана болды. Көп жағдайда оқушы пікірімен санаспаймын , осы үлкен қателік екен. Менің мінсіз мұғалім болуым өзімді осы курстан алған әсерім мен білімімді толықтыра отырып , алға қарай жылжуыма байланысты .
Осы сабақта қандай қателіктер болды деп ойлағанымда, менің байқағаным-оқушылардың тәртібі, топқа бөлінгенде келіспеушіліктің болуы, яғни, жақсы оқитын оқушылар нашар оқитын оқушылармен отырғылары келмеді. Топтық жұмыста таластың туындауы, бір-екі оқушының назардан тыс қалуы сияқты сәтсіздіктер туындады. Осы сәтсіздіктерді болашақта болдырмауды ойға түйіп алдым.
Алдағы уақытта өзгерістер енгізу үшін төмендегі ұсынысты қабылдадым:
Оқушы мен мұғалім арасының алшақтауы жылы сөздің, мадақтаудың аздығынан, тәрбиелік мәні зор әңгіменің жоқтығынан және кейде дұрыс жоспарланбаған сабақтардан, өтірік қойылатын, бағалардан тиімсіз әдіс-тәсілдерден, сабақтардың сабақтастығының жоқтығынан өршиді. Осыдан барып, баланың қызығушылығы басқа нәрсеге ауады және оқуға деген, тіпті мектепке деген ынтасы бәсеңдейді.
Исаак Ньютон былай деген екен: «Мен ұлы мұхиттың жағалауынан бір ғана кішкентай тас тауып алған балаға ұқсаймын. Таптым да қуандым. Ал ол мұхиттың жағалауы мен түпсіз тереңінде сол секілді тастар қаншама?». Бізде осы бағдарлама бойынша оқығанымызбен тоқталып қалмай, осы жетістікке ғана қуанып қоймай, алдымен балаларға беретін жаңашылдықты, сыни ойлай білу жолдарын өз жадымызда толықтырып отыруымыз керек деп ойлаймын. Бұл орайда бағдарламаның жеті модулінің оқыту мен оқу дерісінде тиімді екеніне көзім жетіп, сабақ барысында орын алған қателіктерді жою мақсатында әлі де жаңа тәсілдерді игеру керектігін өзіме мақсат етіп қойдым. Оқушылардың білім игеру деңгейіне қарай жаттығуларды түрлендіруді басшылыққа аламын. Тапсырманы беру кезінде оқушының таңдауын алдағы уақытта ескеретін боламын. Мысалы: тапсырманы бірнеше нұсқада ұсыну, түрлендіру. Тапсырмаларды орындау барысында қателіктерінің сыры неде? Жетістіктерге қалай жетті? Қателіктерді жойып, жетістіктерге қалай жетуге болады? Осы сұрақтардың жауабын іздеймін, табамын. Үйренген әдіс-тәсілдерім оқушылардың білім деңгейін жақсартуға үлкен әсерін тигізетініне сенімім мол.
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Мұғалімге арналған нұсқаулық» әдістемелік құралы

Приложенные файлы


Добавить комментарий