Баяндама Бала трбиесіндегі ата-ананы ролі


Мұзафар Әлімбаев «Ата-ана үміті»
Қипақтайды қит етсе анаң, әкең:
Қайтсем ғана осыны адам етем!
Басқалардың осындай балалары
Тап осындай жаңғалақ, шала ма екен?
Ойым емес, оллаһи , біздікінің
Енжарлығы елде жоқ ала бөтен.
Туа сала тұлпардың жалын тартқан
Қырғиларға қызығып қарап өтем.
Жарық сыйлап маңына, жылу сыйлап,
Бұ да бір күн алаудай жанар ма екен?
Ел қатарлы елеулі еңбек етсе-ау,
Болмаса да топжарған дара бөтен.
Мүше тістеп мықтылар той жасаса,
Жерге қарап мен сорлы қалар ма екем?
Үміт пенен күдіктің ортасында
Ата-ананың үміті талады екен...
Міне, осылайша өз баласының болашағына алаңдап, «Қайтсем де баламды адам етем» деген ата-ананың үміті, арманы баласымен бірге орындалады.Ал арманымыз орындалу үшін біз балаларымызға дұрыс тәлім-тәрбие беруіміз керек.
Бала тәрбиесі - жауапты іс. Отбасы - адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастырады. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты.
Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі - отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек ету қажеттігін түсінеді. А. С Макаренко «Ата - аналарға арналған кітабында» «Бала тәрбиесінде сіздің іс- қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс әрекеттің барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», - дейді. Жақсы перзент ата - ана қолындағы аманаты.
Отбасында баланың жан дүниесін рухани пәктігіне тәрбиелеген абзал. Отбасында ата - ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да, мектепте де өз ісіне жауап бере алады.
Ұлт тәрбиесі - ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мектеп болып ынтымақтасып та ат салысуымыз қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн. Бала бақытының кепілі - ата – ананың өнегелі тәрбиесінде. Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Жас жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады.       Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс - әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу.
Дұрыс тәрбие алған бала ата - анасын қуантып отырады. Балаға дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы жас жеткіншекті еңбекке деген әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Бұны тек мұғалімдер ғана емес әрбір ата - ана қолға алып, өз балаларының гүл, ағаш егіп, ауланы көгалдандыру сияқты игілікті іске қатысуын қадағалап отыруы керек. Сонда ғана еңбексүйгіштік қасиет берік дағдыға айналады. Еліміздің болашағы - ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені даусыз. Сол тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру - баршаға ортақ, әрі міндет. Құрметті ата - аналар, балаларыңыздың бойынан жат қылық көрсеңіздер, мұғалімдерді ,жолдастарын, қоғамды кінәлаудан гөрі, «мен баламды тәрбиелеуде қай жерінен ағаттық кетті, баламның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақсы тәрбие беруде қай жерден жаңылдым» деген ой түйсеңіздер екен. Тәрбиенің отбасынан басталатыны сөзсіз. Күнделікті « беті қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма т. б» деген сияқты сөздерді айтуға жеңіл болғанмен, осы сөздердің тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармау керек. Осыдан бала тазалыққа, шыншылдыққа, ұқыптылыққа үйренеді. Адам баласының шыр етіп өмірге келгенде көретіні ата - ана, ал ата - ана өмірінің жалғасы - бала. Өмірінің жалғасы баласының керемет ғалым болмаса да, тәрбиелі, үлгілі, ақылды, кішіпейіл, бауырмал, мейірімді болып өсуін ата – ана қадағалайды.
«Тәрбие басы тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтылған дана сөздер текке айтылмаса керек. Баланы тәрбиелеуде ата – ананың бір – біріне деген қарым - қатынасы, қалай сөйлесетіндігі, туған – туыспен, көрші - қоланмен қалай араласатындығы, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті ұсақ-түйек болса да қалай тамақтанатыны, дастархан басындағы әдептілігі, қалай киінетіні бұның барлығы балаға әсер етеді. Бала үлкенге қарап өседі. Баланы үнемі ұрып - соғып, қателескен жерінде қатаң жазалап тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ақылмен, мысал келтіре отырып түсіндіру керек.
Баланың жақсысы әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, бақытсыздығы, азабы», - дейді халқымыз. Бала мектепте 6,7 сағат болса,18 сағат үйде болады, сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, жолдастарын, сонымен қатар киетін киімін де қадағалап, аптаның соңғы күндері сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет.
 Ата-ана өзінің міндеті мен жауапкершілігін жақсы білуі тиіс:
1. Мәдениетті адам тәрбиелеуге және өз баласын таза өмір сүруге бейімдеуге міндетті;
2.  Білім алуына көмектесуге міндетті;
3.  Жүйелі білім алуына жағдай жасауға міндетті;
4. Үнемі ата-аналар жиналысына қатысуға, мұғаліммен кездесуге, баласының мектептегі өмірімен танысуға міндетті;
5. Баланың өміріне, денсаулығына зиян келтіретін темекі, арақ, т.б. улы заттарды қолданбауға, олардың балаға зиянды екенін түсіндіруге міндетті;
6.  «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла» деген қағиданы берік сақтауға міндетті.
 
Ата – ананың жауапкершілігі:
1.   Балаға арамза әрекет жасағаны үшін жауапты;
2. Мұғалімге, мектептің педагогикалық ұжымына балағаттау және әдепсіз қарым-қатынас жасағаны үшін жауапты;
3.    Бала тәрбиесі үшін қабылданған барлық қаулылардың орындалмағанына жауапты.
4.   Балаға адамгершілік тәрбие беру үшін, өз жанұясында бірлік пен татулықты ұстануға жауапты. Үйдегі тыныштық баланың мектептегі мәселелерін тиімді шешудің бірден бір жолы;
5.  Мектептен кейінгі баланың білім мен тәрбие алуына бақылау жасауына жауапты;
6.  Кәмелеттік жасқа жеткенге дейінге баланың салауатты өмір салтына сай тәрбие алуына жауапты.
 
 
Бүгінгі оқушы мемлекетіміздің ертеңгі үлкен азаматы, кәсіп иесі. Сондықтан да бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмаған жөн.

Приложенные файлы


Добавить комментарий