Баяндама «Рухани жаыру: Алаш озалысы жне аза тілі» (облысты ылыми тжірибелік конференция)


Нарын орта мектебінің
жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі Есмағанбетова Бөбек
«Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы және қазақ тілі»
(облыстық ғылыми тәжірибелік конференция)
Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Ол қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс еді.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, Алаш өлмес көркейер,
Істей берсін,қолдарынан келгенін,- деп Мағжан Жұмабаев жырлаған Алаш арыстары бүгінгі Қазақ тәуелсіздігін көрмегенімен, оның таңы түбі ататы
-нына сенді. Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты–ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді.
ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» – деп көрсеткен болатын.
XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ағымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі-Мемлекеттік тіл саясаты еді. Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың.Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», - деген екен. Қозғалыстың өрістеуіне ақын-жазушылардың қаламгерлік те, қайраткерлік те үлестері айрықша болды. Біздің ойымызша, Алаш қозғалысы дәуірі – ұлттық жазба әдебиетінің тарихындағы ерекше жылдар. Қазақтың жазба әдебиетінің өмірге келуінің бастапқы кезеңі Абай заманымен байланысты болғанымен, оның буыны бекіп, бұғанасы қатуы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарына келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба әдебиетке Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы т.б. кейбір жекеленген әдебиет өкілдерінің шығармашылығы мысал бола алса, келесі ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің саны еселеп артты. Жазба әдебиеттің жарық көретін қалыптары – баспасөз, кітап басу ісінің дамуы жазба әдебиетті өркендете түсті. Ендігі жерде әдебиет оқырманға арнала бастады. «Айқап» журналы, «Қазақ» т.б. газеттер көркем ойды мыңдаған оқырманға жеткізушіге айналды. Үшіншіден, көркем проза, драма, әдеби сын үлгілері туып қалыптасты. Әдеби сынның қалыптасуы, оның шығармаға, әдеби мұраға, әдеби процеске баға беруі –жазба әдебиеттің есейе бастаған-дығының айғағы болды. Абай шығармаларының тұңғыш жинағының жарық көруі – жазба әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал етсе, Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейтті. Сөйтіп, бұл жаңашыл дәстүрді Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, Бейімбет секілді жас дарындар соны көркемдік сапада, тың қырынан жалғастырып әкетті. Соның нәтижесінде, Алаштың қаламды қайраткерлері қазақтың тұңғыш романдары мен драмалық шығармаларын, алғашқы әдеби-сын мақалаларын дүниеге келтірді. Қазақтың сөз өнерін жанрлық жағынан да, идеялық-көркемдік жағынан да байытып, жазба әдебиетін қалыптастырды. Қазақ тілін талдаптануда А.Байтұрсыновтың еңбегін және бір тұрғыдан ерекше бағалау керек. Ахмет тіл мен әдебиет қана емес, этнография, тарих мәселелерімен де шұғылданғанын айту керек. Ахмет Байтұрсынов XX ғасырдың 20 жылдарында Қазақстанның оқу-ағарту комиссары, Алаш қозғалысының мүшесі, ғылым, әдебиет, өнер салаларында шығармашылық жұмыспен шұғылданды. Ахаң «Ғылыми және практикалық білімнің жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай болады» деп санады. Ғасыр басында Алаш ардақтылары Қазақ АССР-ның Қазақ-Қырғыз Білім Комиссиясында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, халқын мәдениетке сүйреуде жан аямастан қызмет етті. Шамасы он-он бес жылдың ішінде Алаш қаламгерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махаббаты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді. Алаш ұранды әдебиеттің беті мен екпіні, бағыты мен мазмұны Ахаң бастаған қазақ ақын-жазушыларының ұсталып кеткен кезеңіне дейін, яғни 1920 жылдардың соңына дейін жалғасты. Алаш қозғалысының ғибраты, қайраткерлеріміз жүріп өткен жол, олардың күресі, қаламгерлеріміздің жүрегі мен ақылынан туған көркем ой – тәуелсіз мемлекет құрған, егемен ел болған қазақ баласының үлкеніне де, кішісіне де тағылым болуға тиісті. Алаш зиялыларының азаттық үшін алысқан күндерінің салмағы мен бағасын ұғынған сайын біз бүгінгі тәуелсіздігіміздің мәнін сезініп, баянды болашағымыз үшін әрекет істеуге дайын бола бермекпіз. Бұл ең алдымен өскелең ұрпағымыз үшін, қазақ елінің өміршеңдігі үшін аса қажетті һәм міндетті қасиетті қадам болмақ.
Н.Назарбаев: «Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің қазіргі жедел жаңғыру, яғни, модернизация бағытымызға да сай келеді. Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті… Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді, – дей келе олардың алдына қойған мақсат-мүдделері арқылы өткенімізді саралап, болашағымызға назар аудардыКонец формы. Қоғамдық сананы жаңғырту және рухани жаңғыру ол – ұлттық тарихымыздың ұмытылмай, салт-дәстүрлеріміздің ғасырдан-ғасырға салтанат құра беруін талап етеді. Аталмыш жобаны іске асырушылардың да мақсаты пен міндеті осы мүддеге жұмылдырылған. Кешегі Алаш идеясы-бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуына сол кезеңдердегі Алаш зиялыларының да еңбегі зор еді. Еліміз егемендік алып бір кездегі Алаш арыстарының арманы 100 жылдан кейін орындалып қазақ елі бүкіл дүние жүзі таныған іргелі үлкен мемлекеттің біріне айналды.
Қазақ елі өз тәуелсіздігінің арайлы ақ таңын жиырма алты жыл қарсы алған болатын. Әрине ширек ғасыр, дегенмен аз уақыт болса да біздің бағындырған белестеріміз бен орындаған арман мақсаттарымыз әлем таңғалардай. Біз үшін ата-бабаларымыздың жанымен келген киелі тәуелсіздік мерекесі айтулы күн. Әрине бұл айтулы күн оңайлықпен келген жоқ.  Өткен ғасырдың басында жеке ел, мемлекет боламыз деген Алаш зиялылары аңсаған армандарына жете алмай арманда кетті.
Алаш зиялылары тұңғыш ұлттық идея көтеріп, тұңғыш партия, үкімет құрып мемлекеттіліктің алғы шартын жасап кетті. Енді рухани жаңғыру кезінде ең алдымен біз елін, жерін, халқын шын сүйетін ұрпақ, қалың қауым тәрбиелейміз десек, әуелі тарихи санамыз жаңғыруы керек. Қазақтың ертеңгі ұрпағы ең әуелі осы елдің, осы кең байтақ жерді қалай иеленгенін, бұған қанша қан төгіліп, қанша тер сіңгенін, мұндай ұланғайыр даланы біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, бұл даланы бізге өсіп-өну үшін аманаттап кеткенін, осы дархан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыздың, хандарымыз бен билеріміздің қасық қаны қалғанша қалай күрескенін бүгінгі ұрпақ білуі керек. Сонда ғана тарихын тану арқылы біздің ұрпақтың бойында қазақ екенін мақтан тұтатын, “мен мынадай ата-бабадан, намысын таптатпаған ержүрек, батыр ұлттан тараған ұрпақ екенмін ғой” деген түсінік қалыптасқан, елі мен жерін сүйетін шын мәніндегі отаншыл, ұлтшыл, патриот ұрпақ өсіп-өнеді деп ойлаймын. Әдебиетте де сондай. Сонау жыраулар поэзиясынан бастап, кешегі Кеңестік кезеңдегі әдебиеттің де асылы мен жасығын ажыратып, шын жауһарларын екшеп, ұлт мұратына қызмет ететін, қазақтың көркем танымын көтеретін әдеби дүниелерімізді сұрыптап алуымыз керек.
XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек жарды мәселесі болып отыр.   Тіл –халықтың жаны, тұтастай кескін келбеті мен болмыс-бітімі. Адамды мұратқа жеткізетін - ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің бабалардан келе жатқан қасиетті мұрамыз – тіл. Сөз соңында айтарым: Көрнекті жазушы М.Әлімбаев айтқандай «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» - десе, ана тілімізді бәріміз де сүюге, қастерлеуге тиіспіз. Елбасы өз сөзінде Қазақстанның болашағы қазақ тілінде десе қазақ тілінің болашағы жастардың қолында дер едім
Арыстандай айбатты,Жолбарыстай қайратты –Қырандай күштi қанатты.Мен жастарға сенемiн
«Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы және қазақ тілі»
облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция
Баяндамашы: Нарын орта мектебінің
жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі Есмағанбетова Б

Приложенные файлы


Добавить комментарий