Сыныптан тыс танымды саба аза дебиетінен афу-жыр,афу сыр… 10-сыныптар


Танымдық сынып сағатының жоспары
Тақырыбы: «Ғафу – жыр, Ғафу – сыр ...»
Мақсаты: Ақын,жазушы туралы, ой-пікірімізді айту, оның өмір жолымен шығармашылығымен танысу,өлеңдерінен сыр шерту.
Жүргізуші сөзі:
Армысыздар, жиналған қауым! Танымдық сыныптан тыс тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Танымдық сабақтың тақырыбы – өз заманының заңғар ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық жазушысы Ғафу Қайырбековтің туғанына биыл 90 жыл. Бүгінгі танымдық сабағымыздың мақсаты – ақын,жазушы туралы, ой-пікірімізді айту, оның өмір жолымен ,шығармашылығымен танысу,өлеңдерінен сыр шерту.
Ғафу Қайырбеков – сан қырлы санаткер. Ол – ақын, қаламгер, публицист, журналист, сыншы, аудармашы, домбырашы, әнші. Ақынның бүгінгі таңда публицистика саласына қосқан үлесі зор.Публицист қаламгердің «Ақжелкен», «Жел қайық» атты публицистикалық жинақтары – публицистика саласындағы классикалық қорға енген мұралар. Бүгінгі жас тілшілер, журналистика мен филология факультетінде білім алып жатқан студенттерге үлкен әдістемелік оқу құралы, көмекші құрал болары ақиқат.Публицист қаламгердің ел мен жердің, адамдар тағыдырына негізделген мағыналы мақалалары, ойлы очерктері жас ұрпаққа қалған құнды рухани қазына. Қаламгердің жеке зертханасына жіті назар аударсақ, қаламгердің Одақ көлеміндегі, республика, облыс, аудан аймақтарындағы газет, журналдарға жиі жарияланған мақалалары, сыни пікірлері, рецензиялары, очерктері, этюдтері баршылық. Ғафу Қайырбековтың әдеби мұрасын жіктеу: поэзия, проза, публицистикалық мақалалары. Қаламгер шығармаларының негізгі тақырыптары – ұлттық ұстаным, одақтық достық пен бауырмалдық.Негізгі мәселесі – жазушының көзкөрген оқиғалары, замандастар келбеті, замана сыры, дәуір шындығы. Әсіресе, ақынның Қасым Аманжолұлы туралы жазған тұжырымды мақалалары.Жалпы Ғафу ақынның публицистикалық шығармаларының лексикасында теңеулер, эпитет, метафоралар өте мол. Әрбір қимыл, әрбір көрініс, әрбір құбылыс жалаң берілмей, үнемі тапқыр теңеу, ұтымды эпиттер арқылы келеді және ақын теңеулерінің барлығы дерлік халықтың ұғымына қонымды, оның тұрмысына, әдетіне, ғұрпына байланысты жатады. Өйткені, өз халқымен біте қайнасып, бірге өскен ақынның басқаша жырлауға, халық ұғымына қонымсыз теңеуді, сөз нақышын, ой өрнектерін басқаша беруі де мүмкін емес. Қаламгердің публицистикасы мен ойтолғаулары – ерекше әсермен жазылған публицистикалық тың дүниелер. Бұлар – ақынның соңғы жылдары жазған пәлсапалық еңбегі.Белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбековті білмейтін қазақ кемде-кем. Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеді. Қазақтың қыз-жігіттеріне қамқоршы болып, олардың ақын-жазушы болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.Ғафу Қайырбеков -ардақты әке, сүйікті жар, сыйлы ата, адал дос та бола білді. Осы атамызбен 42 жыл қос аққудай жараса өмір сүрген оның сүйікті жары Бәдеш Хамзақызы да – ұлтымыздың барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген ардақты апаларымыздың бірі.
Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеді. Егер көрнекті ақын әдебиет әлемінде биіктерге көтерілсе, оған бар ғұмырын арнап келе жатқан Бәдеш апамыздың да үлесі мол. Қазақтың қабырғалы қаламгерімен 42 жыл қос аққудай жараса өмір сүрген оның сүйікті жары Бәдеш Хамзақызы бүгінде 90 жасқа аяқ басқан. Бәдеш апа «Алматы» санаторийінде ем алып жатыр екен. Бізді көргеннен балаша қуанып, жүрегінің түкпірінде талай жылдар бойы сарытап боп жатқан естеліктерін ақтара жөнелді. Көзіне жас та алды. Іле-шала жарына деген сезім мен сағынышқа толы әсерлі әңгімесін жалғай түсті.
Жүргізуші сөзі: Оқушыларға сөз кезегін берсек.
1-оқушы: Болашақ жарымен алғаш танысуы
«Ғафумен таныстығым пойызда басталды…»
– 1946 жылы мектеп бітіріп, қолыма аттестат тигеннен кейін Алматыға білім алуға асықтым. Алғашқыда Мәриям Хакімжанованың үйіне тоқтадым. Ол – нағашы әпкемнің қайынсіңлісі еді. Алматыда бір жағынан мектепте сабақ беріп жүріп, бір жағынан Түрген педагогикалық училищесіне 3 курсқа қабылданып, 1948 жылы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түстім. Сол 3 курсты бітіріп, ауылға барып, келіп жүрген кезде Ғафумен таныстым.Ғафудың жанында Асау мен Әмірғали деген достары болды. Үшеуі де ҚазПИ-да оқитын. Біреуі математика, бірі – география факультетінде, ал Ғафу филологияда оқыды. Бәріміз де Торғайдың тумалары болғаннан кейін менен екі жас кішілігі бар Әмірғали маған «апа» деп еркелейтін. Киноға, отырысқа барсақ та, сол Әмірғали мені жатақханаға дейін шығарып салып жүрді. Ғафу қалып қояды. Содан бір күні қызық жайт болды. Мемлекеттік емтихан тапсыратын кез еді. Әмірғали келіп тұр. Ол Ғафуды «Қақаң» дейтін. «Апа, Қақаң ұйықтамайды, аһылайды-үһілейді. Мемлекеттік емтихан болса жақын қалды. Қанша жақсы оқыса да, дайындалуы керек қой. Тамақ ішпейді. Сіз бізбен бірге жүріп, шәй ішіңізші», – деді. Ойымда ештеңе жоқ, ауырып жатса, барайын деген ойға келдім. Келсем, Ғафу үстіне ақ көйлегі мен костюмін киіп алған. Ауырып жатқан адамға ұқсамайды. Өзі қарсы алып, бетімнен сүйіп амандасты. Дастарқанды да жайнатып қойған. Үстелдің басында отырғанда: «Сені ауырып жатыр деп еді. Мүлдем ұқсамайсың ғой», – деп күлдім. Ол жымиып қана қоя салды. Бір кезде қайтуға жиналып едім, Ғафу төсегіне барып, жантая кетті. Шынымен де, «ауырып жүр екен ғой» деп іштей ойлап қоямын. Бұл екеуміз отау құрардан үш ай бұрын болған жайт еді. Содан Әмірғали апта сайын осылай келе беретінді шығарды.
Ғашықтық «дертіне» шалдыққан Ғафу бір күні күнделігімді сұратып алды. Бірнеше күннен кейін ішіне өзінің сезімінен сыр беретін өлеңдерін жазып әкеліп берді. Ал мұны оқыған құрбыларым: «О, бұл жігіт саған өлердей ғашық екен ғой. Енді сенің соңыңнан қалмайды…», – деп күлетін. Осылайша, Ғафу жүрегіме ақындығымен, ерекше сабырлығымен жол тапты. Әкеден ерте айрылғандықтан да, ер бала сияқты өстім. Өйткені әкем Хамзаға 1937 жылы жазықсыз қара күйе жағылып, «халық жауы» ретінде сотталды. Содан ол қайтып оралған жоқ. Сол уақытта анам Шайзада небары отыз жастағы жас келіншек болатын. Анам бүкіл жастық шағын менің болашағыма арнады. «Қызым, бүгінгі қол жеткен жетістіктеріңе өзің жеттің! Оқуға да өзің түстің, жақсы оқыдың. Ал тұрмыс құрам десең, еш қарсылық жоқ», – деп рұқсатын берді. Екеуміздің көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Қос аққудай жараса қырық жылдан астам уақыт тату-тәтті ғұмыр кештік. Содан кейін анамды қолымызға алдық. Ол бізбен бірге бір үйде 17 жыл тұрды. Анам күйеуімді туған баласындай көрсе, Ғафекең де оны өз анасындай ардақтады.
2- оқушы: Алғашқы туындылары
«Ақынның алғашқы тыңдаушысы да, сыншысы да мен болдым»
– Ғафекең ғұмырында 40-тан астам кітап жазды. Оның ең алғаш тырнақалды еңбегі 1954 жылы жарық көрді. Ол «Құрдастар» деп аталды. Сондай-ақ жұртшылық тарапынан жоғары бағасын алған «Елтінжал», «Үш қиян» деп аталатын повестері де бар. Ғафекең 27 жасында қазақтың біртуар ұлы Ыбырай Алтынсарин туралы «Дала қоңырауы» деп аталатын көлемді поэма жазды. Оның еліне, халқына сіңірген еңбегін жыр жолдарымен кестеледі. Сөйтіп, Ыбырай атамыздың образын сомдауға талпыныс жасады. Бұл кітап 1957 жылы жарық көрді.
Ол әдебиеттің барлық жанрларын қамтыды. Қаламгердің жай публицистикалық мақалаларының өзі кәдімгі көркем әңгімедей оқылатын. Әсіресе, тілдің кестелілігіне, теңеулерге, образды сөздерге көп көңіл бөлетін. Сондықтан да шығар, оның жазған дүниелерінің бәрі де оқырмандардың талғамынан шығып жататын. Ол, шын мәнінде, жұрт айтып жүргендей, сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі еді. Өйткені Ғафу жазушылық, ақындықпен қатар аудармашылық жұмыспен де айналысты. Бұл орайда ол Рудаки, Пушкин, Лермонтов, Бунин, Есенин, Ғамзатов, Некрасов, Шевченко, Толстой, Куприн, Короленконың және басқа да ақын-жазушылардың туындыларын қазақ тілінде сөйлетті. Өмірде болған нәрсені айтқанның артықтығы жоқ. Отағасы өте еңбекқор болатын. Әрі кез келген шығарманы ең алдымен басында пісіріп алып, сосын ақ қағаздың бетіне тез түсіретін. Онысы әрі шынайы шығатын. Оған: «Ғафеке, жасың 66-ға келіп қалды. Оның үстіне қант диабеті деген сырқатың бар. Енді денсаулығыңды күтсең қайтеді?» – дегенімде, мені тыңдаған жоқ. Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» поэмасын бір айда аударса, ұлы ақын Байронның таңдамалы өлеңдерін үш айдың ішінде жылдам тәржімеледі. Оны жай аудара салған жоқ, өте көркем шықты. Ғафекең өмір-бақи қызметтен қол үзген емес. Күні бойы редакцияда, Жазушылар одағында қызмет атқарса да, өзінің жеке шығармашылығын үнемі қатар алып жүрді. Ол өмір бойы осы қасиетті Торғайын жырлап өтті. Осы өңір жайлы жылы хабар естісе, жаны жадырап, көңілі ерекше шалқып кететін. Ол жақтан келген адамдар болса, жайылып жастық, иіліп төсек болушы еді. Оның «Жұлдыз» журналының бас редакторының орынбасары болып ұзақ жылдар қызмет атқарғанын да қаламгерлер қауымы ұмытпаған болар. Сонымен қатар ол 1984 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Жазушылар одағы ақындар бөлімін басқарды.
Ол өзіне жүктелген қандай жұмысқа да аса жауапкершілікпен қарайтын. Ғафекең жыл мезгіліне онша көңіл бөлмейтін. Бәрі де шабытқа байланысты емес пе?! Ол күніге ерте тұратын. Содан таңертеңгі сағат 7-ден 9-ға дейін өндірте жазып тастайтын. Өйткені қарым-қабілетін білгендіктен болар, оған редакциялардан тапсырмалар беріліп, өтініш жасалып жататын. Өзі жауапкершілікті терең сезінгендіктен де шығар, тапсырысты барынша тез орындауға тырысатын. Осылайша, көңілге алған дүниелерін жазып болған соң, қызметіне қарай асықпай аяңдайтын.
Кейінгі жылдарда Ғафекеңнің көп шығармаларын машинкаға бастым. Оның барлық кітаптары менің көз алдымнан өтті. Ақынның алғашқы тыңдаушысы да, сыншысы да мен болдым. Ол тез жазғанымен, тілге ерекше талғаммен қарайтын. Оның өлеңдері, ұлы Абай атамыз айтпақшы, айналасы жұп-жұмыр, жүрекке жылы тиетін әрі мінсіз болып келетін. Қаламгердің шығармаларын басумен қатар, олардан ерекше рухани ләззат алатынмын. Кейде сөйлемдері байланыспай қалса немесе қайталанып кетсе «Мына жеріңді бір қайта оқып берші» дей қоям. Ойымды бірден түсінетін Ғафекең жаңағы қайталауларды лезде түзетіп беретін.
Оқуды үздік аяқтап, кандидаттық диссертация қорғауға шақ қалсам да, жарымның алға шыққанын қаладым. «Екеуміз де жетімбіз, екеуміздің біріміз шығайық» дедім. Әйел адам алтын басты болғанда қайда барады, өзімді ойламай, Ғафуды адам қылғым келді.
3- оқушы: Отбасындағы сыйластық.
«Отбасының сәні әрі мәні – сыйластықта»
– Біз өзімізді бақытты ата-ана деп есептедік. Өйткені үш бала сүйдік. Тұңғышымыз Бақыт әкесінің жолын қуды. Ол – бірнеше поэзиялық жинақтардың авторы. Өлеңді орыс тілінде жазады. Бірақ қазақтың тіліне, әдет-ғұрпына, мұсылман дініне аса құрметпен қарайды. Ана тілінде еркін сөйлейді. Балаларын да ұлтжандылыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулыды.
Ұлым аса құрмет тұтқан әкесі жайлы деректі фильм түсірді. Онда Ғафудың «Сағыныш сазы» деп аталатын өлеңіне жазылған ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдиннің әні орындалды. Бұл ән де тыңдаған жанның жүрегін тербейді.
Одан кейінгі қызымыз Әлима жастайынан зерек болды. Кенже қызымыз Ғафура да – әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің тарих факультетінің түлегі. Қазіргі таңда Алматы қалалық әкімдігінде жауапты қызметте.
Осы балаларымыздан жеті немере, үш шөбере сүйдік. Осы ұрпақтарым қазір өмірімді нұрландырып, көзқуанышым болып отыр. Олардың еңбектегі, оқудағы, өмірдегі жетістіктері төбемді көкке жеткізеді. Солардың арқасында ештеңеден де кемдік көріп отырған жоқпын. Сондықтан Алла тағаланың мұнысына да шүкіршілік етемін.
Ол сыйлы жар болып қана қойған жоқ, өзінің әкелік міндетін абыроймен атқарды. Ұл мен қыздарының өз қатарынан қалмай білім алуына көп көңіл бөлді. Оларды жанындай жақсы көрді. Оқудағы әрбір табыстарына жас балаша қуанды. Өзімді шексіз бақыттымын деп есептеймін. Өйткені Ғафекеңмен өте мағыналы ғұмыр кештім. Екеуміз өмірде бір-бірімізді үнемі толықтырып отыратынбыз. Ғафумен өткен жылдарым өмірімдегі ең бір ұмытылмас сәттер дер едім. Адамның ғұмыры, шынында да, қас-қағым уақыттан тұрады екен. Кейінгі жастарға айтарым, жұбайлық өмірдің сәні әрі мәні – екеуара сыйластықта. Жалпы, отбасында ер азамат пен әйел өз орындарын білулері керек. Сонда ғана нағыз ынтымақ, ауызбірлік болады.
4-оқушы: Қызы ƏЛИМА ҚАЙЫРБЕКОВАНЫҢ сөздері:
ӘКЕМ ЖАҚСЫ ӘНШІ ЕДІ…
– Мен өмірге келгенде əкем Байронды аударыпты. Əкемнің сыйлығы осы болыпты.
– Көктемде тудың,
Гүлімісің қызым.
Бағайын сені
Баптайын сені, – деген маған арнаған əні бар. Сөзін де, əнін де өзі жазған.
Əкем оңай жазатын. Таңғы 5-те оянады. Біз сағат 8-де сабаққа барамыз. Осы екі сағатта жұмысын бітіретін. «Менің Дағыстанымды» бір айда, Байронды үш айда аударған. Қолжазбасының өзі тап-таза болатын. Асты сызылып, шимайланған сөз болмайтын. Балажан еді. Көршінің балаларымен ойнап, жағдайларын сұрап, тəтті беретін. Əкемді бір рет ренжіткенім есімде. Жоғары оқу орнына түскенде төмен балл жинап қалдым. Сонда өкпелеп: «Үй сыпырасың, машинистка боласың», – дегені есімде. Əкем тіл маманы болғанымды қалады. Ал мен ешкімге білдірмей философия факультетіне түстім. Ағам Бақыт апасының баласы болды. Ал сіңлім Ғафура екеумізді əкем ерекше жақсы көрді. Қыдырып кетсек, алаңдайтын. Үйге келгесін: «Қызым, жолдастарың жақсы ма? Қайда бардың?» – деп бала сияқты сұрап отыратын. Əкем жақсы əнші еді. Өкініштісі, даусы сақталмады. Əкенің қадірін енді білдік. Жазғандарын оқып, тау тұлғалы азаматтың баласы болғаныма мақтанамын. Осы күнге дейін бірнеше жерде қызмет істедім. Əкемнің есімін естігенде, үлкен кісілер жол беретін. Əкем туралы жаман пікір естіген емеспін.
5-оқушы: Ақынның ұлы Бақыт Ғафуұлы Қайырбеков 

Бақыт Ғафуұлы Қайырбеков 1953 жылы 23 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келді. 1970 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Жазушы» баспасында, «Советский Казахстан сегодня», «Қазақфильм» киностудиясында, көркем және телевизиялық шығармашылық бірлестігінде, Қазақ КСР Мәдениет Министрлігінің репертуар-редакциялық алқасында, «Қазақтелефильмде», Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының баспа орталығында жауапты қызметтер атқарған.  1979–1982 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында аспирант, 1987–1989 жылдары КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлер жоғарғы курсының тыңдаушысы болған. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында, репертуарлық-редакциялық коллегияда, ақпараттық-баспасөздік орталықта, «Гала ТВ» киностудиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокомплексінде қызмет еткен. Қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық етуде. «Ғафу» студиясының режиссеры. Отызға таяу фильмдердің жасалуына ат салысқан. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жөнінде деректі үш фильмі телевизиядан көрсетілді. Асан Қайғы, Бұқар, Ақтамберді жыраулардың, Шәкәрімнің өлеңдерін, С.Мұратбеков, А.Сейдімбеков, Қ.Салғарин, Т.Жұртбаев, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, Т.Абдырахманұлы, О.Асқар, Е.Раушановтың шығармаларын орыс тіліне аударған. Тегерандағы (Иран), Дьердегі (Венгрия), Штутгарттегі (Германия) халықаралық кинофестивальдерге қатысқан. Мәскеуде ТМД елдері І Халықаралық телефорумының дипломанты болған. Өлеңдерін орыс тілінде жазады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған мерекелік медальмен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың лауреаты.
6-оқушы:«Ана туралы жыр» – аналарға орнатылған ескерткіш
– Ғафекеңнің өлеңдері әнге сұранып тұрады. Оның өлеңдеріне жазылған әндерді жұртшылық сүйсініп орындайды. Шын мәнінде, Ғафу халықтың көңілінен шыққан біртуар дарын иесі болатын. Оның көптеген өлеңдеріне ән жазылып, көпшіліктің басқосуда сүйіп орындайтын туындыларына айналды. Соның ішінде «Ана туралы жыр» әнінің жөні бөлек. Оған әнді қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов жазған болатын. Бұл ән екі таланттың ынтымағынан туған, аналарға арналған ода десек те болар. Бұл ән дүниеге келгеннен бастап еліміздегі үлкеннің де, кішінің де, анасы бардың да, жоқтың да жүрегінен берік орын алған нағыз шынайы шығарма.
Аталмыш әнді тұңғыш рет КСРО халық әртісі Ришад Абдуллин, содан кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Нұрлан Өнербаев пен Майра Ілиясова орындады. Қазір бұл шығарманы өзге де жас әншілер репертуарларына енгізген.
Өз басым Жаратушының тағдырымды осындай жаны жайсаң, көңілі көктем, адамгершілігі мол, кісінің қадір-қасиетін жақсы білетін қазақтың марқасқа азаматымен тоғыстырғанына бақытты сезінемін. Ғафекең маған ерекше құрметпен қарады. Гүлдей аялады десем, артық болмас. Оның маған арнап шығарған өлеңдерінің өзі, қазір қарап отырсам, бір жинаққа жететіндей болып қалыпты. Мәселен, Ғафекеңнің «Қызғалдақ» деген өлеңі әнімен бірге шықты. Ол ән тыңдаған кісінің жүрегін тербейді. Осы жырлардың өзінен-ақ оның қайталанбас дарын екендігін байқау қиын емес. Бір өкініштісі, Ғафекең маған арнаған өлеңдерін жинақ ретінде шығара алмай кетті…
7-оқушы: Өмірінің соңғы сәттері
Ғафу 1994 жылы дүниеден өтті. 20 жыл өмірім Ғафусыз өтіп жатыр. Көзі тірі болса, келесі жылы 90 жасқа келер еді. Оның қазасы қаншама жыл бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешкен маған да, балаларымызға да өте ауыр соқты. Бірақ тағдырдың жазуына не істейсің. Басқа салды, біз көндік. Содан өмірлік жарымның артында қалған шығармаларын, яғни әдеби мұраларын жинастырып, жарыққа шығаруды мықтап қолға алдым. Ғафу кеткелі 10 томдық өлеңдер жинағы шықты. Енді прозасын жинақтап жатырмын. Оның өзі 7-8 том болып қалатын шығар.
Ендігі кезекті ақынның өлеңдеріне берсек. Оқушылар жаттаған өлеңдерін айтады.
Жүргізуші: Слайдпен таныстыру
Жүргізуші сөзі:
Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғафу Қайырбековтің көптомдық шығармалар жинағының 9-томына өлең өлкесінде өзіне ғана тəн ерекше стилімен жауһар жырлар қалдырған аса дарынды ақынның лирикалық өлендері мен аудармалары енген. Кітап көпшілік оқырманға арналады. Ақын шығармашылығы – адамзат өмірінің философиялық керемет туындысы болмақ. Өйткені, ақын жан жүрегімен, қиялымен, арманы биік сүйіспеншілігімен туған жерін, туған елін сүйеді және барлық адамзатты туған елін сүюге шақырады. Ақын шығармаларының соңғы түйіні – туған елді сүю, туған жерді құрметтеу!
Осымен бүгінгі танымдық тәрбие сағатымыз аяқталды. Зейін қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет! Қош, сау болыңыздар!
«А.Розыбакиев атындағы орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесі
«Бұқар жырау қалқаманұлы – көмеке әулие»
(Сыныптан тыс сабақ)
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері:
Каликова Р.
Тұрдақынова Ж.
2017-2018 оқу жылы

Приложенные файлы


Добавить комментарий